Түркістан – түркі әлемінің экономикалық келісімдері тоғысқан алаң

Түркістан қаласы биыл түркі кеңістігіндегі маңызды экономикалық диалогтың орталығына айналды. Қалада Түркі мемлекеттерінің ұйымы экономика және сауда министрлерінің 14-ші отырысы өтіп, оған мүше елдердің жауапты ведомство өкілдері қатысты. Кездесуде сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту, инвестициялық байланыстарды күшейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынға Қазақстан тарапынан Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан елдерінің министр орынбасарлары, ұйымның бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев пен Түркі инвестициялық қоры президенті Бағдад Әміреев қатысты. Кездесудің Түркістанда өтуі символдық мәнге ие болды. Қатысушылар көне шаһардың Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи рөлін атап өтіп, бүгінде оның жаңа экономикалық бастамаларға жол ашатын алаңға айналғанын жеткізді.
Тараптар соңғы жылдары өзара сауда көлемі тұрақты өсіп келе жатқанын мәлімдеді. 2025 жылдың қорытындысында ұйым елдерінің ішкі сауда айналымы 11,9 млрд АҚШ долларынан асты. Қазақстан үшін ең ірі серіктестер қатарында Өзбекстан мен Түркия бар. Қырғызстан және Әзербайжанмен де тауар айналымы оң динамика көрсеткен.
Инвестициялық өзара іс-қимыл да нығайып келеді. Соңғы жиырма жыл ішінде ұйым елдерінен Қазақстан экономикасына 6,3 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Тек 2025 жылдың өзінде бұл көрсеткіш шамамен 210 млн долларды құрады. Ал қазақстандық капиталдың түркі мемлекеттері нарығына салған инвестициясы 5 млрд долларға жуықтады. Оның ішінде 2025 жылы 1,3 млрд доллардан астам қаржы бағытталған.
Бүгінде Қазақстан аумағында ұйым елдерінің қатысуымен 12 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Сонымен қатар 1300-ден астам бірлескен кәсіпорын сауда және өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға үлес қосып отыр. Бұл деректер экономикалық ықпалдастықтың нақты нәтижесін көрсетеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің экономикалық әлеуетін арттыру, көлік-логистика және инвестициялық бағыттағы серіктестікті тереңдету маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тұрғыда Түркі инвестициялық қоры негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырылуда. Кездесуде қор тарапынан қаржыландырылуы мүмкін басым жобалардың тізбесін қалыптастыру ұсынылды.
Тараптар саудадағы әкімшілік кедергілерді азайту, көлік бағыттарын әртараптандыру және цифрлық сауда тетіктерін дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Шығыс пен Батысты байланыстыратын Орта дәліздің стратегиялық рөлі атап өтіліп, оның өзара сауданы ұлғайтуға қосымша мүмкіндік беретіні айтылды.
Кездесу қорытындысында экономика, сауда, инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын Жол картасы бекітілді. Құжат бірлескен жұмыстың нақты басымдықтарын және оларды іске асыру механизмдерін айқындайды. Сонымен қатар министрлердің 14-ші отырысының коммюникесіне қол қойылды.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасы, түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы, Түркі инвестициялық қоры және NACOFEC арасында төртжақты ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұдан бөлек, ұйым елдері сауда саласындағы әріптестікті нығайту жөнінде өзара түсіністік туралы құжатқа қол қойды.
Түркістандағы басқосу түркі кеңістігіндегі экономикалық интеграцияны жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Қабылданған шешімдер өзара инвестицияны арттыруға, технологиялық дамуға және тұрақты өсімге негізделген серіктестіктің заманауи үлгісін қалыптастыруға жол ашады.





