Түркістан облысында 8 жастағы бала ұялы телефон жөндеуді меңгерген

Түркістан облысы, Келес ауданының Абай ауылында тұратын 8 жасар Айдын Бекжанұлы жасына қарамастан ерекше қабілетімен танылып келеді. Өз қатарластары демалыс уақытын ойын-сауыққа арнап жүргенде, Айдын жазғы уақытын әкесіне көмек көрсетіп, ұялы телефон жөндеу ісін меңгеруге жұмсаған.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы бүгінде техникалық құрылғылардың құрылымын жақсы түсінеді. Телефонды толықтай бөлшектеп, қайта жинай алады. Тіпті, күрделі ақауларды өзі анықтап, жөндеуді де меңгерген.
Айдынның әкесі Бекжан Өтенов — ауылда шағын шеберхана ашып, 2021 жылдан бері телефон жөндеумен айналысып келеді. Ұлының техникаға бейімділігіне алғашында өзі де таң қалғанын айтады. Қазір ол баласының бұл қабілетін дамытып, болашағына жол ашуға ниетті.
Айдын — отбасының үшінші баласы. Жасынан техникаға қызығушылық танытқан, зеректігімен көзге түскен ол – бүгінгі ауыл баласының жаңа бейнесі. Ата-анасы баласының табиғи дарынын байқағаннан бастап, оны жан-жақты қолдап келеді.
Бұл оқиға – ауылдағы жас буынның қабілетін ерте танып, оны дер кезінде қолдаса, үлкен жетістікке жетуге болатынының жарқын мысалы.





