Түркістан облысында ана мен бала денсаулығына басымдық берілуде

Түркістан облысында ана мен бала денсаулығын сақтау – әлеуметтік саясаттың басым бағыты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында аталған салада атқарылып жатқан жұмыстар мен оң нәтижелер талқыланды.
Нақты дерек, нақты нәтиже
Облыс халқы – 2,2 млн адам. Оның ішінде 433 мыңнан астамы – репродуктивті жастағы әйелдер, ал 18 жасқа дейінгі балалар саны 900 мыңға жуық. Жыл сайын орта есеппен 54 мың сәби дүниеге келеді.
Облыс әкімі Көшеров денсаулық сақтау жүйесі тек көрсеткіштерге емес, өмірлік маңызды шешімдерге негізделуі тиіс екенін атап өтті:
– Ана мен бала денсаулығы – ұлттың болашағы. Бұл салада инфрақұрылым, білікті кадр мен заманауи технология өзара тиімді үйлесуі қажет, – деді әкім.
Динамика оң: өлім-жітім төмендеген
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің мәліметінше, соңғы екі жылда ана мен бала өлімі көрсеткіштері тұрақты төмендеген. Бұған профилактикалық скринингтер, перинаталдық көмектің күшеюі және медициналық кадрлардың сапалы даярлығы себеп болған.
Пренаталдық скринингпен қамту деңгейі бүгінде 88%-ға жетіп, халықаралық стандарттарға жақындады. Осы бағытта 47 УДЗ маманы даярланып, олардың 12-сі Ұлыбританияның Fetal Medicine Foundation (FMF) сертификатын алған. Нәтижесінде туа біткен даму ақауларын ерте анықтау көрсеткіші 4%-ға өскен.
“Аңсаған сәби” – шынайы үмітке айналды
Экстракорпоральды ұрықтандыру қызметінің қолжетімділігін арттыру арқылы соңғы 4 жылда өңірде 780 бала дүниеге келген. Олардың қатарында 84 егіз және 2 үшем бар. Барлық қызмет МӘМС аясында тегін көрсетілуде.
Түркістан облысы ана мен бала саулығына жүйелі түрде көңіл бөліп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл – демографиялық тұрақтылық пен ұлт денсаулығының кепілі.





