ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысы өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту бағытында аймақтық көшбасшылардың бірі болып келеді. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында іске асырылып жатқан жобалар облыс экономикасына тың серпін беруде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен инвестштаб отырысында осы саладағы өзекті мәселелер мен ірі жобалардың іске асу барысы талқыланды. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов, сондай-ақ Кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов қатысты.
Көшеров аудан және қала әкімдеріне индустриалды аймақтардағы жобаларды тиімді пайдаланып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ өңірдің инвестициялық инфрақұрылымын жақсартуға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Отырыста Түркістан, Сайрам, Сауран, Ордабасы және Бәйдібек аудандарындағы бірқатар жобалардың жай-күйі баяндалды. Мәселен, Түркістан қаласында «PSI Machinery» ЖШС тау-кен және металлургия саласына арналған ауыр жабдықтар шығаратын зауыттың құрылысын бастамақ. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағында екі жаңа өндіріс орны бой көтереді.
Сайрам ауданында «KUZOV KARABULAK» ЖШС арнайы техника құрастыратын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Бәйдібек ауданында «AMANAT AGRO BAIDYBEK» АӨК мақта өңдеу және тамшылатып суару жүйесіне арналған зауыт тұрғызуда. Сонымен бірге Түркістан қаласында «Hygeia Textile Kazakhstan» компаниясы иірімжіп пен джинс маталарын өндіретін ірі тоқыма зауытын, ал «Qaz Natural Laminat» компаниясы еден жабындарын шығаратын кәсіпорынды салып жатыр.
Бұдан бөлек, «HUATING BIOTECHNOLOGY Co., LTD» компаниясы ірі қара мал сүйегінен май және желатин компоненттерін өңдейтін зауыттың құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ «Samruk Signal Systems KZ» радиостанциялар мен түрлі электронды құрылғылар шығаратын кәсіпорынды іске қосуға дайындалуда.
Қазіргі таңда облыс аумағында жаңа зауыттар мен кәсіпкерлік нысандарының құрылысы белсенді жүруде. Бұл Түркістанның экономикалық әлеуетін арттырып, өңір тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашпақ.





