ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕР КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНІП, ҮЗДІК БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Биыл Қазақстанда алғаш рет 29 қазан – Кәсіпкерлер күні ресми түрде атап өтілді. Осыған орай Түркістан облысында салтанатты жиын өтіп, өңірдің үздік кәсіпкерлері мен компаниялары марапатталды.
Қазіргі таңда облыста 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестиция тартуға айтарлықтай үлес қосып отыр.
Мерекелік шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел экономикасын дамытудағы еңбегін жоғары бағалады.
— Бұл мереке – еңбегімен ел дамуына үлес қосқан кәсіпкерлер қауымына деген зор құрметтің көрінісі. Бизнесті дамыту – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Мемлекет басшысы атап өткендей, кәсіпкерлер елдің цифрлық дамуының драйверіне айналуы тиіс. Біз өз тарапымыздан бизнесті қолдауға әрдайым дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Жиында өңірдің үздік кәсіпорындары мен кәсіпкерлері түрлі марапаттарға ие болды. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-конкурсының жеңімпаздары, инвестиция тартуда белсенділік танытқан бизнес өкілдері мен әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырған компаниялар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Сондай-ақ кәсіпкерлерге «Адал еңбегі үшін» ІІІ дәрежелі медалі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Құрметті қызметкері» төсбелгісі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.
Қазіргі таңда облыс экономикасына тың серпін беретін көлемі 2,6 трлн теңгені құрайтын 111 ірі инвестициялық жобаның пулы қалыптасқан. Бұл жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге түседі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар Түркістан облысында жалпы ауданы 2400 гектар болатын 11 жаңа индустриалды аймақ құрылып, олардың саны 20-ға жетті. Онда 152 млрд теңгеге 98 жоба іске асырылуда, нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің шығыны мен уақытын үнемдеу мақсатында 100 гектар аумақта шағын өндірістік парктер жобасы іске қосылды. Жоба аясында 152 ғимарат салынып, 308 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Қазірдің өзінде 40 нысан пайдалануға беріліп, 1 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Кәсіпкерлер күні аясында өңір басшысы бизнесті дамытуға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлік инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған бастамалардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.





