ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПКЕРЛЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Биыл Қазақстанда алғаш рет 29 қазан – Кәсіпкерлер күні ресми түрде атап өтілді. Осы мереке аясында Түркістан облысында салтанатты жиын өтіп, өңірдің экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері бас қосты.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 216 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі белсенді жұмыс істейді. Олар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Кәсіпкерлер қауымымен арнайы кездескен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кәсіби мерекемен құттықтап, бизнестің қоғамдағы рөлін жоғары бағалады.
— Кәсіпкерлік – ел экономикасының тірегі, халықтың әл-ауқатын арттырудың басты жолы. Біздің міндет – кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасап, олардың бастамаларын қолдау. Бірлесе еңбек етсек, өңіріміздің әлеуеті одан әрі арта түсетіні сөзсіз, – деді облыс әкімі.
Мерекелік жиында облыстың үздік кәсіпкерлері марапатталып, бизнесті дамыту жолындағы еңбектері үшін алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтарға ие болды.





