Түркістан облысында стратегиялық басымдықтар аясындағы жобалар қарқын алды

Түркістан облысында стратегиялық басымдықтар аясындағы жобалар қарқын алды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Кеңейтілген мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар барысын назарға алды.

Отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің жылдық есебін ұсынып, макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, инвестициялық саясатты жетілдіру, цифрлық трансформацияны жеделдету және әлеуметтік міндеттемелерді орындау бағытындағы шараларға тоқталды. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, өндірістік әлеуетті күшейту, жасанды интеллект технологияларын енгізу және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мәселелері кеңінен қаралды.

Президент алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтарды айқындап, конституциялық реформаларды жүйелі жүзеге асыру, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, адами капитал сапасын арттыру және еңбек өнімділігін көтеру міндеттерін нақтылады. Инфляцияны тежеу, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, бюджеттік жоспарлаудың ашықтығын күшейту, сондай-ақ өңірлердегі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігі атап өтілді. Мемлекет басшысы цифрлық мемлекет құру, әлеуметтік саланы толық цифрландыру, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және энергия тапшылығын жою мәселелеріне ерекше назар аударды.

Аталған міндеттерді орындау бағытында Түркістан облысында бірқатар стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда. Энергетика саласында қуаттылығы 1000 мегаваттық бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар «China Energy» компаниясымен бірлескен 300 мегаваттық күн электр станциясы салынып жатыр. Биыл 240 мегаваттық газ-турбиналы электр станциясының құрылысы басталды. Өңірде фосфорит, күкірт қышқылы және аффинаж зауыттарын іске қосу жобалары кезең-кезеңімен орындалуда. Көлік инфрақұрылымы бойынша «Дарбаза–Мақтаарал» теміржол желісі салынып, 821 шақырым автожол жөнделді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызға жетті. Түлкібас, Арыс-2, Сарыағаш, Манкент және Темір станцияларында вокзалдарды жаңғырту жұмыстары басталды. Облыс орталығында қоғамдық көлік паркі 76 жаңа автобуспен, оның ішінде 14 электробуспен толықтырылды. Елді мекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылып, газдандыру деңгейі 88,9 пайызға жетті.

Әлеуметтік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Кентау жылу-энерго орталығын қайта жаңарту жобасына 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Тұрғын үй саясаты аясында кезекте тұрған азаматтарға 3 733 пәтер табысталды. Цифрлық технологияларды дамыту бағытында Түркістан қаласында «Woosong» университетінің филиалы ашылып, халықаралық стандарттарға сай кадр даярлау басталды. Әлеуметтік инфрақұрылым бойынша 95 нысан пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары шеңберінде ондаған білім және медицина мекемелері іске қосылды. Сонымен қатар Ордабасыда перинаталдық орталық, Түркістанда «Ана мен бала» орталығы, Сарыағашта көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілуде. Медицина ұйымдары 60 жаңа жедел жәрдем көлігімен толықтырылды.

Өңірде инвестициялық тартымдылықты арттыру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымды кешенді жаңарту және адами капиталды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.