ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮШ АУЫЛ ТАЗА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Республика күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауыл округіндегі Жұлдыз, Мәдениет және Ынтымақ елді мекендерінде жаңа ауыз су жүйесі іске қосылды.
Аталған жобаның құрылысы 2024 жылдың сәуір айында басталып, толық аяқталды. Жалпы құны – 222,962 миллион теңге. Нысанды «Карат-Z» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырған.
Салтанатты рәсімге аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай және ауыл тұрғындары қатысты.
Іс-шарада аудан басшысы сөз сөйлеп, тұрғындарды қуанышымен құттықтап, ауыз сумен қамтамасыз ету – өңірдің әлеуметтік дамуының басым бағыты екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалдары да елді мекенге таза су тартуға атсалысқан аудан басшылығына, құрылысшылар мен демеушілерге ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, бұл жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүзеге асқан аудандағы екі әлеуметтік нысанның бірі болып табылады.





