ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЕКІ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Республика күні мерекесі қарсаңында Созақ ауданының Сызған ауылдық округіне қарасты Қайнар және Басбұлақ елді мекендерінде балаларға арналған жаңа ойын алаңшалары пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу шарасына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков пен аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев қатысып, тұрғындарды жаңа нысандардың іске қосылуымен құттықтады.

Жаңа ойын алаңшалары ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасайды. Заманауи үлгіде салынған алаңшаларда әткеншек, сырғанақ және басқа да қауіпсіз ойын құрылғылары орнатылған.

Ауыл тұрғындары мен ата-аналар бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған бұл бастамаға ризашылықтарын білдіріп, аудан басшылығына алғыс айтты. Ал кішкентай тұрғындар мерекелік көңіл күймен ән айтып, би билеп, жаңа алаңның алғашқы қонақтарына айналды.