ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖҮЙЕЛІ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және экспортқа бағдарланған өндірісті ұлғайту бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Сарыағаш ауданындағы заманауи жылыжай шаруашылығы.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Бостандық елді мекенінде орналасқан жылыжай кешенінің жұмысымен танысып, өндірістік үдерісті көзбен көрді. Кездесу барысында өнім көлемі, агротехникалық тәсілдер, өткізу нарығы және алдағы даму жоспары талқыланды. Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласында технологиялық шешімдерді енгізу, өнім сапасын арттыру және ішкі нарықты отандық тауармен қамту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлерді қолдау арқылы өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейту жалғасатынын жеткізді.
Жылыжай иесі Тоир Раимбердиев бұл салада 30 жылдан астам тәжірибесі бар аграрий. Бүгінде ол отбасымен бірге 1,90 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешенін басқарып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс толықтай жүйелі агротехнологияларға негізделген. Суару, қоректендіру және температуралық режим қатаң бақылауда ұсталады.
Жылыжайда қияр, қызанақ, салат жапырағы және пекин қырыққабаты өсіріледі. Қиярдың «Северинг» сұрпы 0,80 гектар алқапта егілген. 2025 жылдың қорытындысында бұл бөліктен 100 тонна өнім жиналған. Ал 2026 жылы өнімділікті арттыру арқылы көрсеткішті ұлғайтып, экспорт көлемін көбейту жоспарланып отыр.
Қызанақтың «Рунед» сорты 0,40 гектар аумақта өсіріледі. Өткен жылы 40 тонна өнім алынып, нарыққа жөнелтілген. Кәсіпкер алдағы маусымда өнімділікті арттыру үшін тыңайтқыш беру мен жарықтандыру жүйесін жетілдіруді көздеп отыр.
Жылыжайдың 0,30 гектар бөлігінде салат жапырағы мен пекин қырыққабаты орналастырылған. Бұл дақылдарға ішкі нарықта да, өзге өңірлерде де сұраныс жоғары. Өнімдер Солтүстік Қазақстан облысына, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларына жөнелтіледі.
Аграрлық бағыттағы мұндай жобалар өңір экономикасына мультипликативтік әсер береді. Біріншіден, тұрақты жұмыс орындары ашылады. Екіншіден, жергілікті бюджетке салық түсімдері артады. Үшіншіден, ішкі нарықта бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сарыағаш ауданында жылыжай шаруашылығын дамыту климаттық артықшылықтарды тиімді пайдалануға негізделген. Жылы әрі шуақты күндердің көп болуы көкөніс өнімдерін жыл бойы өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде маусымаралық кезеңде де нарықты отандық өніммен қамтуға жол ашады.
Жергілікті билік өкілдері жылыжай секторын қолдау шаралары жалғасатынын мәлімдеді. Инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру, жеңілдетілген несие тетіктерін қолдану және өткізу нарығын кеңейту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Түркістан облысында жылыжай шаруашылығының қарқынды дамуы агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты өсіміне және экспорттық әлеуеттің артуына негіз болып отыр.





