Түркістан облысының әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, ұсыныс-өтініштерін тыңдады

Түркістан облысының әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, ұсыныс-өтініштерін тыңдады
Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау жұмысы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындармен кезекті жеке қабылдауын өткізіп, олардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Түркістан қаласының тұрғыны жер теліміне қатысты түйткілін жеткізді. Басқа бір азамат робототехника бағыты бойынша турнир ұйымдастыруға қолдау сұрады. Төлеби ауданынан келген тұрғын Зертас елді мекеніне спорт кешені салу қажеттігін ұсынды. Бұдан бөлек, өзге де әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы өтініштер айтылды.
Облыс әкімі барлық ұсыныс-шағымдарды назарға алып, салалық басқарма басшыларымен бірге мәселелердің шешу жолдарын талқылап, нақты тапсырмалар жүктеді.
«Әрбір тұрғынның уақыты мен үміті біз үшін маңызды. Көтерілген мәселелер жауапсыз қалмайды, шешу жолдарын міндетті түрде қарастырамыз,» – деді Нұралхан Көшеров.
Қабылдауға жазылу egov.kz электронды үкімет порталы, E-otinish бірыңғай базасы арқылы, сондай-ақ «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тапсыру арқылы жүзеге асырылады.
Жеке қабылдауларды ұйымдастыруды Түркістан облысы әкімінің аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.
Бұл қабылдаулар – жергілікті атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың нақты мәселелерін жедел шешуге бағытталған тиімді құрал болып отыр.





