Түркістан облысының Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 74 587 гектар егіс алқабы суарылды

Түркістан облысының Жетісай мен Мақтаарал аудандарында 74 587 гектар егіс алқабы суарылды

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, жергілікті шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз ету барысымен танысты.

Министр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық суды бөлетін «Достық» мемлекетаралық каналына барып, қазіргі таңда су ресурстары бұрын жасалған халықаралық келісімдер аясында елімізге жеткізіліп жатқанын атап өтті. Бұл су Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы егіс алқаптарын суаруға жұмсалуда.

Бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК-ның Түркістан облысындағы филиалы Мақтаарал ауданындағы шаруалармен 3 223, ал Жетісай ауданындағы шаруалармен 1 492 келісімшарт жасаған. Нәтижесінде Жетісай ауданында 47 332 гектар, Мақтааралда 27 255 гектар егістік жер суарылды.

Министр жұмыс сапары барысында «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» жай-күйін де көрді. Қазіргі уақытта бұл нысан механикалық жолмен тазаланып жатыр.

Министр Нұржігітов келісімшартқа отырған су пайдаланушыларға суды кезекпен жеткізу жолға қойылғанын, ал заңсыз су тұтыну фактілерін министрлік пен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы қатаң бақылап отырғанын айтты. Келісімсіз су пайдалану немесе су жеткізушімен келіспей дақыл түрін өзгерткендерге айыппұл қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар, ол диқандарды су үнемдеу технологияларына көшуге, ылғал көп қажет ететін дақылдарды азайтуға шақырды. Мемлекет бұл бағытта субсидиялар арқылы қолдау көрсетіп отыр.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында күріш егу жоспары белгіленген көлемнен 3,3 есе асып кеткен. Су тапшылығы мен 4 мың гектарлық шектеуге қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы шаруалармен 13 258 гектар күріш алқабын суару бойынша 1 047 келісімшарт жасаған. Осыған байланысты аталған филиалдың бірнеше басшысына қатаң сөгіс жарияланған.

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі оңтүстік өңірлердегі суару маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс топтарын құрған болатын. Бұл топтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәулік бойы кезекшілік жүргізуде. Түркістан облысындағы вегетациялық кезең министрліктің тұрақты бақылауында.