ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІ 15%-ҒА АРТТЫ

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Түркістан облысының жергілікті бюджетіне 139,2 млрд теңге кіріс түсіп, жоспар 116,7%-ға орындалды. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға бюджет кірістерін арттыру мен игерілмеген қаражатқа байланысты нақты жауапкершілік жүктелетінін ескертті.

Салық түсімдері бойынша өсім байқалды:
Жоспарланған 105,9 млрд теңгенің орнына 121,5 млрд теңге салық түскен — яғни 15,6 млрд теңгеге артығымен орындалды (114,7%).
Салықтық емес түсімдер бойынша да жоспар (11,6 млрд) асыра орындалып, 14,6 млрд теңге бюджетке түскен.
Негізгі капиталды сатудан түскен кірістер 1,8 млрд теңге орнына 3,1 млрд теңгеге жетті.

Жалпы, былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда өзіндік кірістер көлемі 15,3%-ға артқан. Артық түсімдердің басым бөлігі табыс салығы (8,9 млрд), әлеуметтік салық (1,6 млрд), меншік салығы (3,8 млрд), ішкі салықтар (795,7 млн) және міндетті төлемдерден (403,3 млн) түскен.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров:

«Аудан, қала әкімдері бюджет кірістерінің жоспарын толық әрі сапалы орындауы керек. Игерілмеген қаржылар бойынша бірінші басшылардың жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын», — деді.

Облыста салықтық тәртіп пен кіріс көздерін әртараптандыру жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.