ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН МЕН БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢШАСЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

 

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған екі маңызды нысан пайдалануға берілді. Бұл жобалар өңірдегі ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға айтарлықтай үлес қоспақ.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы Жылға және Әлімтау ауылдық округтерінде салынып жатқан жаңа әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын арнайы барып тексерді.

Жылға ауылдық округіне қарасты Шайхана елді мекенінде жалпы құны 77 миллион теңге болатын жаңа медициналық нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстарын «ВВ-Manap Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Аудан басшысы нысанды аралап көріп, оның сапасы мен уақтылы аяқталуының маңыздылығын атап өтті.
– Ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімді болуы – басты міндеттердің бірі. Бұл нысан іске қосылған соң, тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ алғашқы медициналық көмекті өз ауылынан ала алады. Сол себепті құрылыс сапасына және медициналық құрал-жабдықтардың стандартқа сай болуына баса назар аударуды тапсырамын, – деді Арман Абдуллаев.

Жаңа медициналық пункт ауыл тұрғындарына алғашқы жедел жәрдем көрсетуге және сапалы медициналық қызмет ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл ауылдық жерде медициналық инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы маңызды қадам саналады.

Сонымен қатар, Әлімтау ауылдық округінде тұрғындардың сұранысы бойынша жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарын «Alsar Gold» ЖШС мердігер компаниясы жүргізіп, жоба аудандық бюджет есебінен қаржыландырылды.

Жаңа алаңша заманауи талаптарға сай жабдықталып, барлық қауіпсіздік нормалары сақталған. Мұнда балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, қозғалыс белсенділігін арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасалған.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев нысанды аралап, оның сапасы мен күтіміне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Алаңшаны күтіп-ұстау және тиімді пайдалану жауапкершілігі ауылдық округ әкімі Берік Тайменовке жүктелді.
– Осындай игі жобалар ауылдың әлеуметтік бейнесін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырады. Алдағы уақытта да өңірдің әрбір ауылында осындай әлеуметтік нысандардың санын көбейтуді көздеп отырмыз, – деді аудан басшысы.

Сарыағаш ауданында мұндай әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда өңірде денсаулық сақтау, білім және спорт бағыттарында бірнеше жаңа нысанның құрылысы жалғасуда.

Бұл бастамалар Мемлекет басшысының ауылдық аймақтарды дамыту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған.