ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ СЕНБІЛІК ӨТКІЗІЛДІ

 

Сауран ауданында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының «Жасыл болашақ» кезеңі аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді абаттандыруға бағытталған шараға 2 мыңнан астам тұрғын атсалысты. Олардың арасында мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер мен ауыл тұрғындары болды.

Негізгі тазалық жұмыстары Шорнақ ауылдық округі мен Аша елді мекенінде жүргізілді. Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар, су арналары мен жол жиегі қоқыстан тазартылып, көгалдандыру іс-шаралары атқарылды.

Жұмысқа 13 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 20 тоннадан астам тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды. Сонымен қатар тұрғындар ағаш отырғызуға белсене қатысып, экологиялық мәдениетті нығайтуға үлес қосты.

Айта кетейік, жыл басынан бері Сауран ауданында 25 800 түп ағаш егілген. Ал күзгі маусымда тағы 25 300 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бүгінгі сенбіліктің өзінде 380 түп көшет жерсіндірілді.

Аудан көлемінде «Жасыл болашақ» кезеңіндегі тазалық пен көгалдандыру шаралары тұрақты түрде жалғасатын болады.

Автор: Бердалы Ораз