ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚОЛДАУ КҮШЕЙІП, ӨНІМДІЛІК ӨСТІ

 

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға биыл 48,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 43,3 млрд теңге облыстық қазынадан, ал 5,2 млрд теңге үкіметтік резервтен бағытталған. Тоғыз айдың қорытындысымен шаруаларға 42 млрд теңге қаржы үлестіріліп, агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Бұл мәселе облыс әкімдігінің апталық отырысында қаралды.

Аймақ басшысы Нұралхан Көшеров субсидиялар мен түрлі жеңілдіктер ауыл халқының табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталатынын атап өтті. Осыған байланысты аудан және қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, «Басым дақылдарды субсидиялау» бағдарламасы аясында 4,4 млрд теңге қаралған. Жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың арқасында өнім көлемі артты: 2023 жылы 78 мың тонна өнім алынса, биылғы көрсеткіш 101,5 мың тоннаға жетіп, 1,3 есеге өсті.

Сонымен қатар, 2025 жылға дейін облысқа 189,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу тапсырылған. Бүгінде жоспар артығымен орындалып, 206 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылды. Бұл өткен жылға қарағанда 1,4 есеге көп.

Мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Республикадағы ірі қараның 13 пайызы, ұсақ малдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы және түйенің 14 пайызы Түркістан облысында өсірілуде. 8 айда 123 мың тонна ет, 367 мың тонна сүт, 177 млн дана жұмыртқа өндірілді. Бағдарламалар аясында асыл тұқымды мал басы айтарлықтай көбейген.

Қайта өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында соңғы үш жылда 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл шара аймақтағы азық-түлік өнімдерінің көлемін арттыруға оң әсерін тигізіп отыр.

Автор: Бердалы Ораз