ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА 21 КӨШЕ ЖАҢАРУДА

Түркістан облысында жол инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жақсарту жұмыстары жалғасуда. Биыл Түлкібас ауданында ұзақ жылдар жөндеу көрмеген 21 көшеге орташа деңгейдегі құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Оның ішінде 18 көше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қайта қалыпқа келтірілсе, тұрғындар өтінішіне сәйкес кент орталығындағы Шыңғысбеков, Көбей және Байсеріков көшелері облыстық бюджет қаржысы есебінен толық жөнделуде. Жөндеу аяқталған соң, бұл көшелерге жол белгілері орнатылып, қажет болған жағдайда бейнебақылау камералары да қойылады.
Әсіресе ауыр жүк көліктері жиі жүретін Шыңғысбеков көшесіне алдымен 15 см бетон қабаты төселіп, үстіне 6 см асфальт жабындысы құйылады. Ал Көбей көшесіне су ағызатын арнайы науа қойылса, кенттің шығыс бөлігіндегі басты көшеге тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аяқжол салынды.
Жоспарланған жұмыстар толық орындалғаннан кейін, Түлкібас ауданындағы ішкі жолдардың қанағатты жағдайы қазіргі 86,6 пайыздан 89 пайызға жетпек.
Автор: Бердалы Ораз





