ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ШАҒЫН ӨНДІРІСТІК НЫСАНДАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған арнайы аймақтардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл бастама өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жергілікті халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Түлкібас ауданында шағын өнеркәсіптік аймақтар құру жұмыстары бастау алды.
Қазіргі таңда ауданға қарасты Майлыкент, Тастұмсық, Балықты және Машат ауылдық округтерінде өнеркәсіптік аймақтардың орны нақтыланып, кәсіпкерлік нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл аумақтарға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жеткізу мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жобалар аясында су, электр энергиясы тартылып, жолдарға тас төсеу жұмыстары қолға алынған.
Аталған аймақтарда өз кәсібін ұлғайтуға немесе жаңадан кәсіп ашуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілмек. Әсіресе жер телімдерін бөлу, өндірістік ғимараттар салу және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жеңілдіктер қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, шағын өнеркәсіптік аймақтардың ашылуы аудан экономикасына тың серпін бермек. Жаңа жобалардың жүзеге асуы арқылы ондаған жұмыс орындары құрылып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жақсарады. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің белсенділігі артып, аудан аумағында шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашылады





