ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ТҰРҒЫНДАРДЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

 

Түркістан облысында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның аясында Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылына дейінгі магистральді су құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ауқымды жоба 2024 жылы басталып, биыл толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек.

Құрылыс жұмыстары Сауран ауданы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен жүзеге асуда. Жоба аясында ұзындығы 45 898 метрді құрайтын су құбыры тартылуда. Құрылғының есептік өнімділігі тәулігіне 3135,3 текше метр болса, сағатына – 188,23 текше метр, яғни секундына 42,29 литрді құрайды. Қуаттылығы шамамен 60 кВт.

Мамандардың айтуынша, бұл нысан іске қосылғанда Ескі Иқан елді мекенімен бірге жақын маңдағы ауылдар да тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Бұған дейін тұрғындар су тапшылығын сезініп келген еді. Жобаның аяқталуы өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға және тұрғындардың денсаулығына оң әсер етпек.

Түркістан облысында осындай инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Бұл бастамалар ауылдық жерлердің дамуына серпін беріп, халықты қажетті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етуге бағытталған.