Түркістанда театр мерекесі: Жандарбековтың 120 жылдығына арналған фестиваль өтуде

Түркістан қаласында қазақ өнерінің саңлағы, Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің 120 жылдығына орай І республикалық театрлар фестивалі басталды. «Қазақтың Құрманбегі» аталған мәдени шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 13 театр ұжымы жиналып, өз қойылымдарын көрермен назарына ұсынуда.
Ашылу салтанатында Қазақстан және КСРО халық әртісі, белгілі театр және кино актері, режиссер, профессор Асанәлі Әшімов пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады. Олар фестивальдің қазақ театр өнерінің дамуына қосар үлесін атап өтіп, өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсімде театр әртістері қызыл кілемнен өтіп, құрметке бөленді. Кеш қонақтарының көңілін ҚР эстрада жұлдызы Маржан Арапбаева әнімен көтерді.
Фестивальдің басты мақсаты – шығармашылық ұжымдар арасындағы байланысты нығайтып, қазақстандық театрларды халықаралық мәдени үдеріске кіріктіру, сондай-ақ Құрманбек Жандарбековтің есімін ұлықтау. Әр қойылымды кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамында театр майталмандары, профессорлар мен өнертанушылар бар.
Айта кетейік, фестиваль аясындағы қойылымдар 16 қазанға дейін жалғасады. Осы күндері Түркістан нағыз театр өнерінің орталығына айналып отыр.





