ТҮРКІСТАН: ЖАҒАЖАЙЛАР МЕН ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫНДА ТАЗАЛЫҚҚА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ

ТҮРКІСТАН: ЖАҒАЖАЙЛАР МЕН ДЕМАЛЫС АЙМАҚТАРЫНДА ТАЗАЛЫҚҚА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙЕДІ
— деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында жағажайлар мен демалыс аймақтарында тазалықты сақтау мақсатындағы рейдтер мен қадағалау шаралары күшейтілмек. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.
Облыс басшысы бірқатар аудан, қала әкімдеріне жұмыстың мардымсыздығы үшін ескерту беріп, тазалықты қамтамасыз етуді жүйелі әрі нәтижелі жүргізуді талап етті.
– Бұл бағдарлама тек сенбілікпен шектелмеуі тиіс. Формальділікке жол бермей, нақты нәтиже көрсетіңіздер. Талапты орындамағандарға шара қолданылатын болады, – деді әкім.
Мәжіліс барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның мәліметінше, санитарлық нормаларды бұзғандармен күрес жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 13 757 хаттама толтырылып, 328,4 млн теңге айыппұл салынған. Оның 181,2 миллионы өндірілген.
Алайда бірқатар аудандарда, әсіресе Түркістан мен Кентау қалаларында, сондай-ақ Түлкібас, Шардара және Сауран аудандарында бей-берекет қоқыс үйінділері азаймай отыр. Жүргізілген рейдтер барысында 184 заңсыз қоқыс орны анықталған.
Мәжілісте жағажай иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын бұзғандарға айыппұл салу тапсырылды. Сонымен қатар демалыс аймақтарында қоқыс контейнерлерін көбейту, ескерту белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату міндеттелді.
Жол картасы аясындағы барлық іс-шаралар тұрақты бақылауда болады.





