ТҮРКІСТАН: ИМПОРТТЫ АЗАЙТЫП, ЭКСПОРТТЫ АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

ТҮРКІСТАН: ИМПОРТТЫ АЗАЙТЫП, ЭКСПОРТТЫ АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
— деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.
Түркістан облысында импортқа тәуелділікті азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс басталды. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте кеңінен талқыланды.
Облыс әкімінің айтуынша, аймақтың жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы әлеуеті жоғары. Сондықтан өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өнім көлемін арттыру – негізгі міндет.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының дерегінше, қазіргі таңда 6 сала мен 31 өнім түрі бойынша импортқа талдау жасалған. Нәтижесінде 707 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба әзірленіп отыр. Оның ішінде 2025 жылы — 28, 2026 жылы — 26, 2027 жылы — 11 жоба жүзеге аспақ.
Мәселен, өңір алдағы уақытта алюминий профильдері мен жиһаз өндірісі арқылы ішкі сұранысты толық қамтып, экспортқа шығуға дайындалып отыр. Сонымен қатар өнеркәсіптік тоңазытқыштар, бейнебақылау камералары, ауыл шаруашылығы техникасы, жылу құбырлары мен кептірілген көкөністер шығару бағытында да маңызды жобалар қолға алынуда.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың мәліметінше, агроөнеркәсіптік кешенде 10 негізгі бағыт бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сүт өнімдерін терең өңдеу, ет экспорты, құс шаруашылығын дамыту және көкөніс сақтау қоймаларын кеңейту – алдағы басым міндеттердің қатарында.
Облыс басшысы барлық сала басшылары мен аудан әкімдеріне нақты жоспарлар әзірлеуді және жобаларды қаржыландыру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.





