ТҮРКІСТАН: ВОЛОНТЕРЛІК ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНДА ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ВОЛОНТЕРЛІК ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНДА ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ
— деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.

Түркістан қаласындағы «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында «Asyl MURA» волонтерлік әлеуметтік жобалар байқауы өтті. Шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды.

Байқаудың басты мақсаты – өңір жастарының азаматтық белсенділігі мен волонтерлік мәдениетін дамыту. Екі күнге жалғасқан іс-шара аясында қатысушылар семинар-тренингтерден өтіп, өз жобаларын қазылар алқасының алдында қорғады. Жалпы 18 команда өңірлік әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларын 7 минуттық презентация форматында ұсынды.

Қазылар шешімімен бірінші орынды Түркістан қаласының «Жастар» командасы жеңіп алып, 500 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орын мен 300 мың теңге жүлде Сауран ауданының «Асыл мұра» командасына, ал үшінші орын мен 200 мың теңге Арыс қаласындағы «Hope Livers» еріктілеріне бұйырды. Қалған қатысушыларға 50 мың теңгеден ынталандыру сыйақысы мен арнайы сертификаттар табысталды.

Шара барысында волонтерлік еңбекті насихаттайтын бейнероликтер мен би қойылымдары ұсынылды. Ұйымдастырушылар байқаудың жыл сайынғы дәстүрге айналатынын атап өтті.