ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА КОММУНАЛДЫҚ САЛАҒА 16 ЖАҢА ТЕХНИКА БЕРІЛДІ

Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бағдарламасы аясында коммуналдық қызмет сапасын арттыру бағытында маңызды қадам жасалды. Ауданның санитарлық тазалығы мен экологиялық ахуалын жақсартуға арналған 16 бірлік жаңа техника табысталды. Бұл техникалар облыс әкімінің тапсырмасымен облыстық бюджет есебінен сатып алынған. Жалпы құны — 272,2 миллион теңге.
Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Серік Мамытов коммуналдық сала қызметкерлеріне арнайы кілттерді табыс етіп, жаңа техникалардың ел игілігі үшін тиімді пайдаланылатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл қадам ауданның тазалық деңгейін жаңа белеске көтеріп, еңбек өнімділігін арттырады.
«Біз үшін басты міндет – аудан тұрғындарына таза, қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан “Таза Қазақстан” бағдарламасы – баршамызға ортақ жауапкершіліктің көрінісі. Әкімдік тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береміз. Алдағы уақытта тағы да 13 жаңа трицикл алуды жоспарлап отырмыз», – деді аудан басшысы.
Жаңа техникалар қатарында шаң, құм, қар тазалайтын арнайы құрылғылары бар 13 заманауи трактор мен тіркемелер, сондай-ақ 3 жүк тиегіш техника бар. Олар аудан орталығы мен ауылдық округтердің көшелерін тазалау, тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау және көгалдандыру жұмыстарында қолданылады.
Айта кетейік, жетісайлықтар «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына белсенді атсалысып келеді. Өткен жылы ауданда 35 сенбілік ұйымдастырылса, биылғы жылдың өзінде 75 ауқымды сенбілік өткізіліп, оған 96 мыңға жуық тұрғын мен 280 арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 680 тонна қоқыс шығарылып, аудан аумағы абаттандырылды.
Жергілікті жолдар бойына тазалықты насихаттайтын 14 ақпараттық баннер ілінген. Бұл шаралар өңір тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті арттырып, қоғамдық санада тазалық пен тәртіп идеясын бекіте түсті.





