Келестік диқандар үш өнім алудың жаңа тәжірибесін меңгерді

Түркістан облысының Келес ауданында аграрлық саладағы жаңа тәсілдер тиімділігін дәлелдеп келеді. Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Халық Асылбек биыл 3 гектар жерден бір жылда үш рет өнім алып, өз тәжірибесін ауыл шаруашылығында үлгі етерлік деңгейге жеткізді.

Диқан өткен күзде пияз еккен. Ерте көктемде өнімін жинап алған соң, жерге дем беріп, қайтадан картоп егіпті. Тамыз айында картоптың да өнімін жинаған соң, үшінші дақыл ретінде болгар бұрышын еккен. Қазір сол бұрыштың соңғы терімі жүргізілуде.

«Жерге деген қамқорлық пен дұрыс күтім болса, ол еңбекті ешқашан ақтамай қалмайды. Бір жылда үш рет өнім алу — ерінбей еңбектенудің нәтижесі», – дейді шаруа Халық Асылбек.

Келес ауданының әкімдігі ұсынған дерекке сүйенсек, биыл аудан бойынша жалпы 3,5 мың гектар жерге егіс егілген. Оның ішінде 700 гектарға астық, 560 гектарға картоп, 1,3 мың гектарға көкөніс және 730 гектарға мал азықтық дақылдар егілді. Сонымен қатар, ауданда 2 гектар жаңа жылыжай пайдалануға беріліп, тамшылатып суару технологиясы 63 гектар жерге енгізілген.

Ауыл шаруашылығы саласындағы мұндай тиімді тәсілдер Келес өңірінің әлеуетін арттырып қана қоймай, фермерлердің табысын көбейтуге де ықпал етуде. Мамандардың айтуынша, жерді айналыммен пайдалану мен су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу — келешекте өнім көлемін еселеп арттырудың кепілі.

Бұл тәжірибе Түркістан облысының агросекторы үшін үлгі боларлық бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр.