Түркістанда Түркия Республикасының 102 жылдығына арналған мерекелік шара өтті

Түркістан қаласында бауырлас Түркия Республикасының 102 жылдығына арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды. Мереке қос елдің Әнұрандарын орындаумен ашылып, Түркияның Түркістандағы Бас консулы Левент Гүрджан мен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйледі.

Бас консул өз сөзінде Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластық байланыстардың тарихи тамыры терең екенін атап өтті. Ал облыс әкімі Нұралхан Көшеров екі ел арасындағы достықтың берік екенін және оны одан әрі нығайту қажет екенін жеткізді.

– Түркі елдерінің рухани орталығы саналатын Түркістанда бауырлас елдің мерекесін атап өту – үлкен мәртебе. Түркия – Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет. Сол кезден бері біздің елдер арасындағы ынтымақ пен сенім нығая түсті. Биыл дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толып отыр. Бүгінде Түркия Қазақстанның ең сенімді және ірі сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 5 миллиард АҚШ долларына жетті, оның 87,5 миллионы Түркістан облысына тиесілі. Бірлескен инвестициялық жобалар да сәтті жүзеге асып жатыр, – деді аймақ басшысы.

Мерекелік кеш барысында қазақ және түрік халықтарының ұлттық аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, түркі әлемінің әуендері мен әндері шырқалды.

Түркістан мен Түркия арасындағы байланыстар тек мәдени салада ғана емес, білім мен ғылым бағытында да нығайып келеді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – осы достықтың нақты көрінісі. Бұл оқу орны түркі елдерінің жастарын біріктіріп, бауырластық идеяларын нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр.

Мерекелік кеш түркі бірлігінің рухын айшықтап, екі ел халқының өзара құрметі мен достығын тағы бір мәрте дәлелдеді.