Түркістанда әлеуметтік қызметтер цифрландырылып,жаңа платформа іске қосылады

Түркістанда әлеуметтік қызметтер цифрландырылып,жаңа платформа іске қосылады,-деп хабарлайды Пресса24 тілшісі.
Түркістан облысында әлеуметтік салаларды басқаруға арналған бірегей цифрлық платформа енгізілмек. Бұл бастама ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен қолға алынып отыр.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етсе, министрдің кеңесшісі Фарида Сағындыққызы жобаның маңызын түсіндірді.
Платформаның басты мақсаты – халыққа әлеуметтік қолдау шараларын толық цифрландыру, қызмет сапасын арттыру және ашықтықты қамтамасыз ету. Жүйе азаматтарды тіркеуден бастап, төлемдерді тағайындау мен мониторингке дейінгі барлық процесті қамтиды.
Қазіргі таңда Түркістан облысының 2 миллионнан астам тұрғыны бар, оның 74,7%-ы ауылдық жерде тұрады. Биылдың өзінде 45 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алды, ал кедейлік деңгейі 2,1%-ға дейін төмендеді.
Сонымен бірге өңірде 149 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған, 5G енгізу жұмыстары басталған, қоғамдық көлікте электронды билеттеу жүйесі іске қосылып жатыр.
Жаңа жүйе енгізілсе, әлеуметтік төлемдер мен шығындар ашық көрсетіліп, халыққа қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.





