Түркістанда өңірлік нышан жобасына арналған мәжіліс өтті

Tүркістан облысында өңірлік нышан дайындау жұмыстары басталды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға қоғамдық даму, мәдениет және сәулет басқармасының өкілдері қатысты. Басқосуда байқау талаптары мен өңірлік нышанға қойылатын негізгі шарттар талқыланды.

Нышан қандай болуға тиіс?
Жоба бұрын қолданылмаған, ерекше әрі Түркістан өңірінің болашақ даму бағыттарын бейнелеуі тиіс. Ұлттық ою-өрнектер мен этнографиялық элементтерді пайдалануға рұқсат. Алайда Мемлекеттік Ту мен Елтаңба, сондай-ақ діни, рулық және тайпалық белгілер бейнесін қолдануға тыйым салынады.

Басты мақсат – өңір болмысын бейнелеу
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірлік нышан – Түркістанның тарихи, мәдени және географиялық ерекшеліктерін айқындайтын маңызды белгіге айналатынын атап өтті. Ол шығармашылық азаматтарды белсенділік танытып, ерекше идеялар ұсынуға шақырды.

Нормативтік негізі қандай?
Жоба «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес әзірленуде. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы №503-НҚ бұйрығымен бекітілген өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларына негізделген.