Түркістанда «Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» атты ҚХА-ның XXVII сессиясы өтті

Түркістанда «Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» атты ҚХА-ның XXVII сессиясы өтті

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының Түркістан облыстық филиалының XXVII сессиясы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. «Бірлік бастауы – берекелі Түркістан» тақырыбындағы басқосуға өңір басшысы Нұралхан Көшеров, облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері мен жастар ұйымдары қатысты.

Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев модераторлық етіп, жиын этносаралық татулық пен өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы маңызды алаң екенін атап өтті.

Ассамблея – бірлік пен тұрақтылықтың тірегі

Өз сөзінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойының маңыздылығына тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сессиядағы үндеулерін еске сала отырып, этномедиацияның дамуында Түркістан облысының жетістіктерін атап өтті.

“Этносаралық келісім – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Облыста 2000-нан астам ұлттық, мәдени, спорттық іс-шара өткізілуде. Ассамблея жастарының азаматтық жауапкершілікке бағытталған жобалары айрықша мәнге ие”, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, этнос өкілдері тығыз орналасқан аудандарда жаңа «Достық үйлерін» ашу ұсынылды.

Мазмұнды баяндамалар мен ұсыныстар

Жиын барысында өзбек, түрік және тәжік этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен журналист-блогерлер клубының жетекшілері этносаралық қатынас, мемлекеттік тілдің қолданысы, қайырымдылық шаралары мен медиация жұмыстары туралы ой бөлісті.

Қоғамдық жобалар – ортақ мақсат жолында

ҚХА аясында жүзеге асып жатқан «Салауатты сана», «Елтану», «Адал азамат», «Мың бала», «Шаңырақ», «Жаңа толқын» секілді жобалар өңірдегі бірлік пен тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр. Жыл басынан бері 631 іс-шара өткізіліп, 49 қайырымдылық акциясында 39 мың адам қамтылған. Сонымен қатар 168 ақпараттық-насихаттық кездесу ұйымдастырылып, оған 9 мыңға жуық тұрғын қатысқан.