Жетісай ауданында өрт қауіпсіздігі талаптарын елемегендер жауапқа тартылды

Жетісай ауданында өрт қауіпсіздігі талаптарын елемегендер жауапқа тартылды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.

Түркістан облысында өрт пен түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтілді. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында кең ауқымды рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі бастамашы болған тексерулердің басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және газдан улану, өрт шығу қаупінің алдын алу.

Рейд барысында тұрғын үйлер, базарлар, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары қамтылды. Тексеру жұмыстарына аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, тұрғын үй инспекциясы, төтенше жағдайлар бөлімі мен «Жетісай қызмет» мекемесінің газ инспекциясы мамандары жұмылдырылды.

Нәтижесінде бірқатар кәсіпкерлер мен тұрғындардың өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, кейбір дәмханалар мен сауда нысандарында алғашқы өрт сөндіру құралдарының мүлде болмауы, эвакуациялық шығу жолдарының жабық тұруы немесе талапқа сай белгіленбеуі тіркелген. Сонымен қатар электр желілерінің дұрыс орнатылмауы, ас дайындау кезінде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін газ баллондарын пайдалану деректері де белгілі болды.

Мамандардың айтуынша, сертификатталмаған немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен газ баллондарын қолдану, оларды жылу көздеріне тым жақын орналастыру, ашық оттың маңында сақтау не өз бетінше қайта толтыру – өрт пен жарылыс қаупін бірнеше есе арттырады. Осыған байланысты анықталған заң бұзушылықтар бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 306-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар нысан иелеріне кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде ескертулер берілді.

Сала өкілдері мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Өйткені өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – адам өмірі мен мүлкінің қорғалуы үшін аса маңызды. Жергілікті билік пен құтқару қызметі кәсіпкерлер мен тұрғындарды қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарамай, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырып отыр.