Түркістан өңірінде егіс алқаптары кеңейіп, дақыл құрылымы қайта қаралды

Түркістан өңірінде егіс алқаптары кеңейіп, дақыл құрылымы қайта қаралды,-деп хабарлайды Пресса24.кз.
Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жер көлемі айтарлықтай ұлғаймақ. Өңір бойынша егіс алқаптарының жалпы көлемі 919 мың гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артады. Бұл – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жүйелі шаралардың нәтижесі.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы облыс әкімі аппаратының кезекті жиынында жан-жақты қаралды. Кеңеске төрағалық еткен облыс әкімі Нұралхан Көшеров егіс науқанын уақытылы әрі сапалы ұйымдастырудың маңызын атап өтіп, жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне нақты міндеттер жүктеді. Әсіресе агротехникалық талаптарды сақтау, жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету және техника дайындығын бақылауда ұстау тапсырылды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сәйкес, биыл егіс құрылымын қалыптастыру кезінде климаттық тәуекелдер мен нарықтағы сұраныс ескерілген. Нәтижесінде құрғақшылыққа төзімді әрі табысы жоғары дақылдарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, мақта алқабы едәуір ұлғайып, 162 мың гектарға жетсе, жүгері мен мақсары дақылдарының көлемі де айтарлықтай артқан. Ал суға тәуелді бидай егістігі керісінше қысқартылып, шамамен 216 мың гектар көлемінде орналастырылады.
Жалпы ауыл шаруашылығы өнімін екі есеге арттыруды көздейтін жол картасы аясында күріш дақылын орналастыру мәселесі де қайта пысықталған. Су тапшылығы қаупіне байланысты биыл күріш тек Шардара ауданында ғана егіледі. Бұл шешім трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюымен тікелей байланысты.
Жүгері өндірісін ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді. Басым дақылдарды субсидиялау бағдарламасы аясында жүгеріге берілетін субсидия мөлшері бірнеше есеге артты. Сонымен қатар майлы дақыл – мақсарыға да бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, шаруалар үшін экономикалық тұрғыда тартымды жағдай қалыптасты.
Қазіргі таңда облыс бойынша жер жырту жұмыстарының жартысына жуығы аяқталған. Ал сор шаю жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Агротехникалық талаптарға сәйкес бұл жұмыстар нақты мерзімде тәмамдалуы тиіс, сол себепті жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейту тапсырылды.
Алдағы дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай қоры алдын ала жоспарланған. Жеңілдетілген дизель отыны бойынша қажеттілік 100 мың тоннадан асады, ал оны босату ақпан айынан басталмақ. Сонымен қатар минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге қомақты қаржы қарастырылып, жыл соңына дейін 200 мың тоннадан астам тыңайтқыш енгізу көзделген.
Егіс науқанына өңір бойынша 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Олардың басым бөлігі көктемгі жұмыстарға толық дайын. Биыл техника паркін жаңарту да күн тәртібінде тұр: екі мыңнан астам жаңа техника сатып алу жоспарланып, бұл мақсатқа миллиардтаған теңге бөлінген.
Аграрлық саланы қаржылай қолдау көлемі де өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда биыл ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыруға бөлінетін қаражат едәуір артпақ. Қазірдің өзінде бірқатар жоба қаржыландырылып, жаңа өтінімдер қабылданып жатыр.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы егіс құрылымын қатаң сақтау, барлық дала жұмыстарын мерзімінде аяқтау және шаруаларға мемлекеттік қолдау тетіктерін жан-жақты түсіндіру қажеттігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл шаралар Түркістан облысының аграрлық әлеуетін арттыруға және тұрақты өнім алуға негіз болады.





