ЖОНАРЫҚТА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ БОЙ КӨТЕРЕДІ

Сарыағаш ауданындағы Жонарық елді мекенінде көптен күткен қуанышты жаңалық орын алуда – 200 орындық мәдениет үйі мен жаңа кітапхананың құрылысы басталып кетті.

Ауыл өміріне серпін беретін маңызды жобаның жүзеге асу барысымен аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып танысты. Құрылыс алаңын аралап көрген аудан басшысы мердігер мекеме – «ST-SERVICE KZ» ЖШС және техникалық бақылау қызметкерлерімен кездесіп, сапа мен мерзімділік мәселесін қатаң қадағалауға шақырды.

«Бұл – тек ғимарат емес, ауылдың мәдени болмысына серпін беретін маңызды нысан. Сондықтан құрылыс жұмыстары талапқа сай, сапалы атқарылуы тиіс», – деді аудан әкімі.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында жерге орналастыру жобасы бекітіліп, іргетас құйылып, гидрооқшаулау жұмыстары толық аяқталған. Жоба аясында болашақ мәдениет үйінде түрлі шығармашылық үйірмелер мен іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Ал жаңа кітапхана – ауыл тұрғындары мен оқушылар үшін ақпарат пен білімге қолжетімділіктің жаңа алаңы болмақ.

Аталған нысан – тек құрылыс емес, болашаққа салынған инвестиция. Ауыл жастары өнерге бет бұрып, кітапқа құмарлығы арта түспек. Жонарықтың жаңа мәдени орталығы – ел игілігі жолындағы іргелі жобалардың бірі болары анық.