Әлем чемпионы атанған Мадхия Усманова туған жерге оралды

Әлем чемпионы атанған Мадхия Усманова туған жерге оралды

Түркістан облысының тумасы, жас балуан Мадхия Усманова халықаралық аренада ел мерейін үстем етті. Грекияның Афина қаласында өткен U-17 әлем чемпионатында 57 келі салмақ дәрежесінде топ жарып, алтын медаль иеленген ол Сауран ауданының алғашқы әлем чемпионы атанды.

Жеңімпаз спортшыны Түркістан халықаралық әуежайында жерлестері ерекше қошеметпен қарсы алды. Салтанатты рәсімге облыстық спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Садибаев, жаттықтырушылар, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мадхияның спорттағы жолы — табандылық пен кәсіби тәртіптің көрінісі. Ол 2022 жылдан бері республикалық және халықаралық ареналарда тұрақты түрде жүлде алып келеді. Азия чемпионаттарында қола мен күміс жүлделерге қол жеткізсе, биыл әлемдік додада биіктен көрінді.

Мадхия Усманова – Түркістан облысында әйелдер күресінің қарқынды дамып келе жатқанын айғақтайтын жарқын тұлға. Оның жетістігі — жастарға шабыт, ел спортына мақтаныш.