Сарыағашта «Таза Қазақстан» аясында сенбілік өтті

Сарыағашта «Таза Қазақстан» аясында сенбілік өтті

Бүгін Сарыағаш ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары аудан әкімінің бастамасымен таңғы сағат 8:00-де басталып, ауылішілік көшелер мен республикалық, облыстық маңызы бар жолдардың бойында жүргізілді.

Шара барысында бей-берекет тасталған қоқыстар жиналып, жол жиегіндегі арамшөптер шабылды. Қала мен ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен еріктілер белсенді қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосты.

«Таза Қазақстан» науқаны – елдегі экологиялық мәдениетті арттыруға, табиғатқа жанашырлықты тәрбиелеуге, әрі «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасын дәріптеуге бағытталған.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, мұндай сенбіліктер алдағы уақытта да жалғасын табады.