Арыста биыл 26 ірі инвестициялық жоба іске асады

Арыста биыл 26 ірі инвестициялық жоба іске асады
Арыс қаласында 2024 жылы жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы қала әкімі Қайсар Маңқараев өңірлік БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, өнеркәсіп өндірісін ұлғайту мақсатында өткен жылы 15 млрд теңгеге 22 жоба жүзеге асырылып, 593 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ауыл шаруашылығы бағытында бірнеше ірі бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Түркістан Агро KZ» ЖШС – 50 мың бас ірі қара малын бордақылайтын алаң және 3 мың гектар аумақта жаңбырлатып суғару арқылы мал азығын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Сонымен қатар, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС – 9 мың гектарға тамшылатып суғару жүйесімен мақта өсіру ісін бастаған. «ALASH LOGISTIC» ЖШС – 900 гектар жерге мал азығын өсіру жобасын іске қосқан.
Қаладағы жалпы өңірлік өнім көлемі 2024 жылдың 4 айында 13,9 млрд теңгеге жеткен. Ал өнеркәсіп өндірісі 4,4 млрд теңгені құрап отыр. Инфрақұрылым саласында да бірқатар жетістіктер бар. Мәселен, көмірмен жұмыс істейтін екі жылу қазандығы газ жүйесіне ауыстырылып, бүгінде барлық жылу қазандықтары табиғи газбен жұмыс істейді.
Электрмен қамту жүйесін жаңарту мақсатында Шағыр, Бақырша және Ақтас елді мекендеріндегі 20 шақырымдық тозған желілер толық ауыстырылған. Бұдан бөлек, көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, 10 жаңа қоқыс алаңы орнатылады.





