Кентауда облыстық суретшілер байқауы өтті

Кентауда облыстық суретшілер байқауы өтті
Кентау қаласының 70 жылдығына орай Хантағы ауылындағы «Қаратау» ұлттық қорығында облыстық суретшілер байқауы ұйымдастырылды. Жиынға Түркістан облысының 14 ауданынан келген үздік қылқалам шеберлері қатысты.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздері алдын ала салған екі туындыны ұсынды. Оның бірі міндетті түрде Түркістан облысының табиғатына арналуы қажет болды. Бұл жұмыстар көрме ретінде қойылды.
Екінші кезеңде суретшілерге «Қаратау» қорығының табиғатын А2 форматтағы қағаз бетіне, өздері таңдаған техникада бейнелеу тапсырылды.
Қазылар алқасы құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі Зағипа Өмірзақова, суретшілер мен дизайнерлер одағының мүшелері Мұрат Шаханбаев және Омар Бабажанов болды.
Жеңімпаздар тізімі:
- Бас жүлде – Шардара ауданының суретшісі Санжар Тоқсанбаев;
- I орын – Кентау қаласынан Болат Исабеков;
- II орын – Түркістаннан Серік Кинабаев, Отырардан Мәлік Әділхан;
- III орын – Кентаулық Али Рысымбетов, Арыстан Сымбат Асылбай, Түлкібастан Нұржан Ахылбеков.
Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды..





