Ордабасыда реновациядан өтіп жатқан мектептердің құрылысы бақылауға алынды

Түркістан облысында 2025–2027 жылдар аралығында 115 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдегі білім беру сапасын арттырып, мектеп инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған. Реновация тізіміне енген білім ұяларының бірі – Ордабасы ауданында орналасқан бес мектеп.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауданға жасаған жұмыс сапары барысында екі мектептегі құрылыс жұмыстарымен танысты. Алдымен Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясына ат басын бұрған ол нысанның қазіргі жағдайын көріп шықты. 1986 жылы салынған бұл мектепте осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі таңда ғимараттың екі корпусында бір мезетте 1600-ден астам оқушы білім алады. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер – «Ecosintez» ЖШС. Жобаға 307 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Келесі нысан — Шұбарсу ауылындағы «Атамекен» жалпы білім беретін мектебі. 2010 жылы пайдалануға берілген үш қабатты ғимарат 600 оқушыға лайықталғанымен, бүгінде мұнда 950 бала екі ауысыммен оқуда. Қайта жаңғырту жұмыстары үшін 185 миллион теңге бөлініп, «Gold-ART» ЖШС мердігер ретінде бекітілген.

Құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Ол жаңа оқу жылы басталғанша барлық жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуы қажет екенін қадап айтты. Жұмысшылар санын арттырып, құрылыс сапасын басты назарда ұстау керектігі ескертілді.

Айта кетейік, бұл реновация бағдарламасы тек ғимаратты жөндеумен шектелмейді. Жаңғырту аясында мектептердің материалдық-техникалық базасы да толық жаңартылады. Мектептер жаңа парталармен, заманауи жабдықталған пән кабинеттерімен, спорт алаңдарымен және оқу процесіне қажетті басқа да құрал-жабдықтармен қамтылатын болады.

Ауқымды жоба — ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты азайтуға және ескірген білім мекемелерін заманауи әрі жайлы оқу орындарына айналдыруға бағытталған маңызды қадам.