Сарыағашта “Таза Қазақстан” сенбілігіне тұрғындар белсенді қатысты

Сарыағашта “Таза Қазақстан” сенбілігіне тұрғындар белсенді қатысты
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Тазалық шарасына аудан тұрғындары, еріктілер мен мемлекеттік қызметкерлер белсене атсалысты.
Сенбілікке аудан әкімі Арман Абдуллаев та қатысып, бірқатар аумақтарды аралап көрді. Жауапты сала басшыларына тазалық пен абаттандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Таңғы 8:00-де басталған шара барысында мекемелер өздеріне бекітілген аймақтарда жұмыс жүргізіп, көшелер мен аулалар, автожолдар бойы күл-қоқыстан тазартылды. Қураған бұтақтар кесіліп, ағаштар әктеліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Аудандық сенбілік тек тазалықты қамтамасыз етуді ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеуді мақсат етеді..





