САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАСТАР, ӘЛЕУМЕТ ЖӘНЕ БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАСТАР, ӘЛЕУМЕТ ЖӘНЕ БІЛІМ САЛАСЫ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ,деп жазады Пресса24.кз.
Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте жастар саясаты, әлеуметтік қолдау және білім беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Жастар саясаты бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаңабек Хамраев баяндама жасап, қазіргі таңда ауданда 77 мыңнан астам жас бар екенін, бұл халықтың 32 пайызын құрайтынын мәлімдеді. NEET санатындағы 3800-ден астам жаспен нақты жұмыс жүргізіліп, бір бөлігі жұмыспен қамтылған және түрлі әлеуметтік жобаларға тартылған. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу мен тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар жүйелі жалғасуда.
Әлеуметтік қолдау саласы бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Сарыбеков атаулы әлеуметтік көмек және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетіліп жатқан қызметтер туралы ақпарат берді. Аудан бойынша 790 отбасы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылып, 722 отбасыға нақты төлемдер жүргізілген. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылымды жақсарту және қызмет сапасын арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынған.
Білім саласы бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Фарида Оспанова ҰБТ-ға дайындық барысын баяндады. 2024-2025 оқу жылында 4081 оқушы мектеп бітірсе, олардың ішінен 241 түлек «Алтын белгіге», 379-ы «Үздік аттестатқа» үміткер. 2552 оқушы ҰБТ-ға тіркеліп, кешенді тестілеуге дайындалуда.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі салалық бөлім басшыларына тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды, жастармен және әлеуметтік топтармен жұмысты жандандыруды тапсырды.





