Сайрамда малшылар мерекесі кең ауқымда аталып өтті

Сайрамда малшылар мерекесі кең ауқымда аталып өтті
Түркістан облысының Сайрам ауданында еңбек адамдарына арналған тағы бір елеулі шара өтті. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған Малшылар күні кәсіби мерекесі өңірдің еңбек озаттары, сала ардагерлері мен жас мамандардың басын қосты.
Мал шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Төрт түлікті түлетіп, ауыл тіршілігінің тамырын ұстап отырған жандардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Сайрам ауданында өткен салтанатты шара – сол құрметтің нақты көрінісі.
Жиынды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жорабек Жолдасбеков ашып, сала еңбеккерлеріне жылы лебізін білдірді. Ол мал шаруашылығы саласының даму қарқыны мен жетістіктеріне тоқталып, бұл жетістіктердің артында күн-түн демей еңбек етіп жүрген жандардың табандылығы тұрғанын атап өтті.
Мереке барысында аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев сөз алып, еңбек адамдарына алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізді.
– Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында ауыл шаруашылығы өркендеп, ел ырысы молайып отыр. Қора-қопсылар малға, жүректер қуанышқа толы болсын, – деді ол.
Шара барысында ауыл өнерпаздары мерекелік концерт ұйымдастырып, ән мен күйден шашу шашты. Ұлттық билер мен дәстүрлі өнер түрлері сахна көркін қыздырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл басқосу – еңбек адамына деген құрмет пен ауылдың әлеуетіне сенімнің белгісі. Шара соңы – татулық пен берекеге негізделген ауыл өмірінің көркем көрінісімен түйінделді.





