Түркістанда жасөспірімдер қылмысы азайды

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық көрсеткіштері төмендеді. Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында мәлім болды.

Жиынға облыстық басқармалар мен құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан-қалалардағы комиссия мүшелері және үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Басқосуда жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, ерте жүктілік пен өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының алдын алу жолдары талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық еткен жиында атқарылған жұмыстар мен нақты нәтижелер сараланды. Мәселен, соңғы төрт айда жасөспірімдер арасында тіркелген құқықбұзушылықтар саны 44-тен 35-ке төмендеген. Сонымен қатар ерте жүктілік пен суицид көрсеткіштерінде де азаю байқалады.

Білім, денсаулық сақтау, полиция және әлеуметтік қорғау салаларындағы мекемелер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс істеуде. Қазіргі таңда өңірде 17 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Түркістан облыстық психологиялық қолдау орталығы ашылып, 1300 ата-ана мен 1700 педагогке, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған 130 балаға көмек көрсеткен.

Мектеп психологтарының жетіспеушілігі де назардан тыс қалмады. Жаңа оқу жылынан бастап 86 педагог-психолог қызметке тартылмақ. Ал оқушылардың психоэмоционалдық жай-күйін бағалау үшін 259 мыңнан астам оқушыдан анонимді сауалнама алынған. Бұл деректер негізінде тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Мектептерде QR-код арқылы жедел психологиялық көмек алу жүйесі енгізілген. Оқушылар бұл қызметке сыныптардан, холлдардан немесе санитарлық бөлмелерден тікелей жүгіне алады.

Комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев жауапты мекемелерге жазғы демалыс кезеңінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар “қиын” балалар мен жайсыз отбасылармен жұмыс жүйеленуі тиіс екенін атап өтті.

“Әр мекеме баланың тағдырына бей-жай қарамауы керек. Балалар туралы жалған есеп беру — ауыр жауапкершілік,” – деді ол.

Облыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың құқықтарын қорғау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.