Сарыағаштық отбасы 50 мың түп гүл өсіріп, кәсібін гүлдендіріп отыр

Сарыағаштық отбасы 50 мың түп гүл өсіріп, кәсібін гүлдендіріп отыр

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында тұратын Ерғали Мұсабаев отбасымен бірге 10 жылдан бері гүл өсіру ісімен айналысып келеді. Мәдениет елді мекенінің тұрғыны қарапайым үй гүлдерінен бастаған кәсібін бүгінде ауқымды деңгейге жеткізген. Қазір олардың шағын жылыжайында 50 мыңға жуық түп гүл жайқалып тұр.

Жұбайымен бірлесіп іске кіріскен кәсіпкер алғашқыда бөлме гүлдерін өсірумен шектелген. Уақыт өте келе сұраныстың артқанын байқап, дала гүлдерін де өсіре бастаған. Қазір олардың гүлдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатыр.

– Гүлдің көбейетін кезеңі – қыс мезгілі. Сол уақытта оларды көбейтіп, көктемде сатуға шығарамыз. Қазір Наурыз мейрамына дайындалып жатырмыз, – дейді Ерғали Мұсабаев.

Жылыжайда өсірілетін гүлдердің қатарында 10-нан астам бөлме өсімдіктерінің түрі бар. Отбасы алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, Голландиядан арнайы сәндік гүл түрлерін әкеліп, жергілікті жерге бейімдеуді жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда Мұсабаевтар отбасының адал еңбегі мен табандылығы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға нақты мысал бола алады.