Түркістандық теннисшілер ел чемпионатында жарқырады

Түркістандық теннисшілер ел чемпионатында жарқырады

Қарағанды қаласында үстел теннисінен жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының құрамасы жүлделі үшінші орынға тұрақтады. 2–8 маусым аралығында өткен байрақты бәсекеде 2014 жылы туған және одан кіші спортшылар бақ сынаған.

Түркістандық жас теннисшілер жалпы алғанда 6 медаль жеңіп алып, өңір намысын абыроймен қорғады. Қыздар арасындағы жұптық жарыста Назерке Болатбек қарсылас шақ келтірмей чемпион атанды. Ал жекелей сында ол қола медальға ие болды.

Ұлдар арасында Имронбек Шухратов жұптық сайыста үздік үштіктің қатарынан көрінсе, қыздар жұбының құрамындағы Ұлданай Нәзір де жүлдегерлер қатарынан табылды. Аралас жұптар бәсекесінде Әлтаир Әбубәкір мен Назерке Болатбек дуэті тағы бір қола медальді қоржынға салды.

Осылайша, Түркістан облысының командасы ел біріншілігінің жалпыкомандалық есебінде үздік үштікке енді. Бұл — аймақтағы үстел теннисінің қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.