Түркістан облысында білім саласы бойынша аудан-қалалар басшыларының есептері тыңдалуда Түркістан облысында білім сапасын көтеру

Tүркістан облысында білім саласы бойынша аудан-қалалар басшыларының есептері тыңдалуда
Түркістан облысында білім сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта өңірдегі аудан және қала әкімдіктерінің білімге жауапты басшыларының есеп беру жиындары басталды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жетекшілік етті.
Алғашқы кезеңде Кентау қаласы, Сауран, Отырар, Ордабасы, Созақ және Түлкібас аудандарындағы білім беру ахуалы талқыланды. Басқосуда оқу жылының аяқталуы, «Жұмысшы мамандықтар жылын» өткізу, ҰБТ-ға дайындық, мектеп асханаларының жай-күйі, жазғы демалыс лагерлерінің ұйымдастырылуы мен балабақшалардағы ахуал секілді бірқатар маңызды бағыттар қамтылды.
– Әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар. Қай өңірде қандай мәселе барын анықтап, нақты шешім қабылдаймыз. Облыс әкімінің тапсырмасына сай мектептер мен колледждердегі білім сапасы, тәрбие жұмысы, цифрландыру мен инфрақұрылым – басымдықта. 40 мыңнан астам оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру – біздің ортақ міндетіміз, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Кездесуде 2025–2027 жылдарға арналған мектептерді жаңғырту жоспары таныстырылды. Жоспар бойынша облыста 115 білім мекемесі реновациядан өтпек. Биылдың өзінде 41 мектептің құрылысы басталуы тиіс.
Сонымен қатар, кадр тапшылығы, мұғалімдердің кәсіби дамуы, мектептерді газдандыру, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылуы, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тәрбие ісін жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Аудан-қала өкілдерінің есептері тыңдалуы жалғасады.





