Түркістан облысының шахматшылары – республикалық жарыстың жеңімпаздары

Көкшетау қаласында көру қабілеті шектеулі жандар арасында шахматтан өткен VII Республикалық спартакиадада Түркістан облысының спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, командалық есепте жеңіс тұғырынан көрінді.
Додаға еліміздің барлық өңірінен келген 100-ге жуық спортшы қатысты. Шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау. Жарыс жекелей және командалық форматта өтті.
Түркістан облысының намысын Арыс қаласының тәжірибелі жаттықтырушысы Асатулла Сүпбаев, Түркістан қаласынан Қуанышбек Жұмаділдаев және Кентау қаласынан Әсел Амангелді қорғады. Команданың үйлесімді ойыны нәтижесінде өңір шахматшылары І орын иеленіп, тарихи жеңіске қол жеткізді.
Спартакиада тек жарыс алаңы ғана емес, ерекше жандардың рухын көтеріп, қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды платформа саналады.





