Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды

Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқын алды
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев Мақтаарал және Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын аралады. Сапар барысында білім, мәдениет, тұрғын үй және денсаулық сақтау салалары бойынша салынып жатқан нысандардың жай-күйі тексеріліп, құрылыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Мақтаарал ауданында алғаш болып Атакент кентінде бой көтеріп жатқан 1500 орындық мектептің құрылысы назарға алынды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бұл білім ұясы жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілмек. Мектептің инфрақұрылымы толық жүргізілген, бүгінде ішкі әрлеу мен аумақты абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Аппарат басшысы одан әрі шалғай ауылдардағы 200 орындық мектептердің құрылысымен танысты. Еркінабад және Нұрлыжол елді мекендеріндегі білім ошақтары оқушылардың білімге қолжетімділігін арттырып, ауылдардағы әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған. Аталған ауданда барлығы бес мектептің құрылысы жоспарланған.
Сапар аясында мәдениет саласы да назардан тыс қалмады. Ынталы және Ж.Қалшораев елді мекендерінде салынып жатқан мәдениет үйлері мен кітапханалар жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ.
Жетісай ауданында Еркебұлан Дауылбаев қаланың жаңа 80 гектар аумағында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлер құрылысымен танысты. Бұған дейін тоқтап қалған жобалар қайта жанданып, жыл соңына дейін 3 үйдің пайдалануға берілуі жоспарлануда. Сонымен қатар, аудандағы 1500 орындық мектеп пен жаңа буын оқушылар сарайының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бұл орталықтарда балаларға арналған спорт, өнер және білім үйірмелері ашылмақ.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Ж.Ералиев ауылдық округіндегі Бәйтерек елді мекенінде дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл нысан қыркүйек айында пайдалануға беріліп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылады.
Аппарат басшысы сапар барысында мердігер мекемелерге құрылыс сапасын жіті бақылауды, қауіпсіздік талаптарын сақтауды және жобаларды уақытында аяқтауды тапсырды. Мемлекеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы — басты назарда екенін ескертті.





