Түркістан облысында әлеуметтік нысандардың құрылысы жүріп жатыр

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен Мақтаарал және Жетісай аудандарына барды. Сапар барысында өңірде бой көтеріп жатқан мектеп, мәдениет үйлері, тұрғын үйлер мен денсаулық сақтау нысандарының құрылыс барысымен танысып, мердігерлерге сапаны қатаң бақылауды тапсырды.
Атап айтқанда, Атакент кентіндегі 1500 орындық жаңа мектеп пен шалғай елді мекендердегі 200 орындық екі мектептің құрылысы «Келешек мектептері» жобасы аясында жүріп жатыр. Сондай-ақ, Жетісай қаласында 80 гектар аумаққа 5 қабатты тұрғын үйлер салынып, биыл ел игілігіне тапсырылады.
Аппарат басшысы Жетісай ауданында салынып жатқан оқушылар сарайы мен дәрігерлік амбулатория құрылысын да аралады. Мәдениет үйлері мен кітапханалардың да биыл пайдалануға берілетіні айтылды.
Е.Дауылбаев барлық жобаларға қатысты құрылыс сапасы, қауіпсіздік талаптары мен мерзімдік жауапкершілікке ерекше мән беру қажеттігін ескертті.





