Түркістан делегациясы Қытайдағы өндіріс ошақтарымен танысты

Түркістан делегациясы Қытайдағы өндіріс ошақтарымен танысты
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми делегация Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Шаньдун провинциясындағы Линьи қаласында орналасқан бірқатар ірі өндіріс орындарын аралап шықты.
Сапар барысында делегация ауыл шаруашылығы техникаларын өндіретін «Shandong Huasheng Zhongtian» зауытының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, электр желілері үшін металл тіректер шығаратын және көше жарығына арналған жабдықтар өндіретін кәсіпорындардың да мүмкіндіктері қаралды. Бұл нысандар заманауи технологиялармен жабдықталған, өнімдері әлемнің түрлі елдеріне экспортталады.
Айта кетейік, жарықтандыруға арналған LED шамдар мен күн сәулесін электр қуатына айналдыратын жүйелер – экологиялық әрі үнемді шешім ретінде ұсынылуда. Облыс басшысы бұл технологияларды Түркістанда салынып жатқан жаңа зауыттар мен фабрикаларда кеңінен қолдануды тапсырды.
Бұдан бөлек, өңірде инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, өткен жылы 21 мыңнан астам көше шамы орнатылған болса, биыл тағы 7 мыңнан аса жарық шамын орнату жоспарда бар.
Қытай сапары аясында делегация ауыл шаруашылығына арналған техникалар көрмесін де аралап, бензин қозғалтқыштары мен бақша және орман шаруашылығына арналған заманауи техникалармен танысты.
Сапар нәтижесінде қытайлық кәсіпкерлермен инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, технология трансфері және мамандар даярлау бағытында келіссөздер жүргізілді. Бұл байланыстар алдағы уақытта нақты жобалармен жалғасуы мүмкін.
Сондай-ақ делегация туризм мен құрылыс саласындағы технологияларға маманданған «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» компаниясының өндіріс орнында болды. Мұнда капсулалы үйлер мен модульдік құрылыстар шығарылады. Түркістанда аталған үйлерді «KHAN TAU» брендімен өндіру жобасы басталып кеткен. Алғашқы дайын өнім өңірге жеткізуге дайын.





