Түркістанда кәсіпкерлік пен инвестицияны қорғау мәселесі талқыланды

Түркістанда кәсіпкерлік пен инвестицияны қорғау мәселесі талқыланды

Түркістан қаласында «Бизнес және инвестицияны қорғау» тақырыбында форум өтті. Шараны облыстық прокуратура мен Кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырды. Форум аясында өңірдегі кәсіпкерліктің құқықтық қорғалуы, бизнеске әкімшілік қысым және инвестициялық ахуалдың өзекті түйткілдері кеңінен сөз болды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, өңірдің бас прокуроры Мұрат Тлеубердиев пен бірқатар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ 100-ге жуық кәсіпкер мен инвестор қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы әрі Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің басшысы Нұралы Әбішов өз сөзінде бизнеске жасалып жатқан қолдау шараларын атап өтті. Оның айтуынша, 2023–2024 жылдары кеңес аясында көтерілген 58 мәселенің жартысына жуығы шешімін тапқан. Ал қалғаны – бақылауда.

– Мемлекет басшысы бизнесті жазалау емес, қолдау қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл бағытта біз де өңірдегі кәсіпкерлермен ашық диалог жүргізіп, түйінді мәселелерін назарға алып келеміз. Мұндай форумдар нақты нәтижеге бастайтынына сенемін, – деді ол.

Форумда сондай-ақ 2025 жылы бастау алған «Инвест-Караван» жобасының нәтижелері де жария етілді. Аталған жоба аясында 26 инвестормен тікелей кездесу ұйымдастырылып, олардың құқықтарына қатысты 10-ға жуық заңсыз шешімнің күші жойылған. Бұл – өңірдегі инвестициялық климаттың ашықтығын қамтамасыз етуде маңызды қадамдардың бірі.

Биылғы бес айдың өзінде 216 кәсіпкер мен 6 инвестордың құқықтары қорғалған. Жалпы құны 79,7 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаға қатысты мәселелер оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасына 262 өтініш келіп түскен, нәтижесінде 4,7 млрд теңгеге кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қалпына келтірілген. Соттарда қаралған 57 істің 26-сы кәсіпкерлердің пайдасына шешілген.

«Бизнеске жол» жобасы шеңберінде 30 отырыс өтіп, 55 мәселе талқыланған. Олардың 19-ы бойынша оң шешім қабылданған. Кеңесте қаралған 191 ұсыныстың 78%-ы орындалған.

Форум соңында кәсіпкерлер тарапынан көтерілген мәселелер жеке-жеке хаттамаға түсіріліп, әрқайсысы үшін нақты уәкілетті органдар жауапты етіп бекітілді. Бұл бастама өңірдегі бизнес ортаның сенімділігін арттыруға бағытталған.