Сарыағашта орақ науқаны басталды

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында егін ору науқаны бастау алды. Диқаншылар жазғы әрбір күнді тиімді пайдаланып, қамбаға алтын дәнді уақытылы жеткізуге жұмыла кірісті.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев егін науқанының барысын өз көзімен көру үшін Дарбаза ауылдық округіне арнайы барып, жергілікті шаруалармен кездесті. Өнім жинау үстіндегі алқаптарды аралаған әкім еңбеккерлердің жағдайын біліп, орақ науқанының ұйымдастырылу деңгейімен танысты.
Сапар барысында аудан басшысы «ТННК» ЖШС-ның егіс алқабында болып, еңбек майданына белсене араласқан диқандарға сәттілік тіледі. Шаруашылық төрағасы Нұржан Ордабаевтың айтуынша, биыл 422 гектар алқапқа бидай себілген. Қолайсыз ауа райына қарамастан, әр гектардан 15 центнерден өнім алынған. Бұл – уақытпен санаспай еңбек еткен диқандардың тынымсыз тірлігінің нәтижесі.
Егін жинау науқаны – өңірдегі ең жауапты кезеңдердің бірі. Қамбаға түсетін әрбір дән – ел ырысы, ауыл берекесі.





